Жанжал төбелеске ұласып, жүргізуші жолаушыны жаралады
Оқиға қаладағы теміржол вокзалында болған. Такси жүргізушісі мен жолаушы арасында туындаған сөзге келіспеушілік ақыры төбелеске ұласып, пышақ қолданумен аяқталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жағдайға қатысты өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
«Атырауда такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжалға байланысты «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды», – деп мәлімдеді ДП баспасөз қызметі.
Бұл жайт туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тараған. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, екі ер адамның арасында жанжал туып, ол көп ұзамай төбелеске айналған. Сол сәтте қалааралық такси жүргізушісі суық қару қолданып, жолаушыға пышақ жарақатын салған.
Зардап шеккен адам дереу ауруханаға жеткізілді. Оның қазіргі жағдайы туралы ресми мәлімет әзірге жарияланған жоқ.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.