Ол үш адамды 1,2 млн теңгеге алдаған
Ақмола облысында алаяқтыққа қатысты күдікпен медицина саласының қызметкеріне байланысты үш қылмыстық іс тіркелді. Ол әскерге шақырылушыларға ақшаға әскери қызметтен босататын диагноз алып беруге уәде еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, 17 наурыз күні аудандардың бірінің бөлімшесіне үш азаматтан арыз түскен. Олардың айтуынша, өткен жылдың соңында өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған ер адам әскери қызметтен босатуға мүмкіндік беретін «қажетті» диагноз жасап беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін ол 1 200 000 теңгеден астам ақша алған. Алайда уәде етілген құжаттарды да, алынған қаржыны да қайтармаған.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің кім екенін анықтады. Белгілі болғандай, ол жергілікті медициналық пункттердің бірінде жұмыс істейді. Қазір аталған үш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, сондай-ақ оның осындай басқа да жағдайларға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция өкілдері арызданушылардың әрекеттері де назардан тыс қалмайтынын айтты. Әскери қызметтен заңсыз жолмен жалтаруға әрекет ету де жауапкершілікке әкелуі мүмкін.