Астанадағы сауда орталықтарының бірінде жастар жаппай төбелескен

Автор: Дәулет Ботагөз

Қылмыстық іс қозғалды

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Астанадағы «Көктал» сауда-ойын-сауық орталығында жастар арасында жаппай төбелес болып, қоғамдық тәртіп бұзылды. Елордалық полицейлер қақтығысқа қатысқандардың кім екенін анықтап, полиция басқармасына жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

26 наурызда әлеуметтік желілерде елордалық сауда орталықтарының бірінде болған төбелестің видеосы тарады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бір топ жас жігіт шу шығарған. Бұл жағдай ғимараттағы адамдардың үрейін туғызған. 

Астана қалалық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, қақтығысқа қатысушылардың ұсталғанын растады.

«Төбелеске қатысқандардың барлығы, соның ішінде кәмелетке толмағандар да ұсталды. Олар Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта төбелестің себебі мен зардап шеккендер туралы ақпаратты нақтылап жатыр. Сонымен қатар, полиция өкілдері ата-аналарға үндеу жасады. Балалардың тәрбиесіне жіті көңіл бөлу, олардың бос уақытын бақылауда ұстау және қоғамдық орындардағы мінез-құлық нормаларын түсіндіру ата-ананың басты міндеті.