Қостанайда із-түзсіз жоғалған жасөспірімнің мәйіті табылды

Мәйіт Гагарин бөгетіне жақын маңдағы қамыстардың арасынан табылған

Қостанайда із-түзсіз жоғалған жасөспірімнің мәйіті табылды
Фото: instagram/poisk_region_10

Қостанайда 19 наурыздан бері іздестіріліп жатқан 17 жастағы Владимир Орелдің денесі табылды. Бозбаланың мәйіті Тобыл өзенінің маңынан табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасөспірімнің жоғалғаны туралы ақпаратты алдымен еріктілер таратып, кейін бұл мәліметті облыстық полиция департаменті растады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, мәйіт Гагарин бөгетіне жақын маңдағы қамыстардың арасынан табылған.

«Кәмелетке толмаған баланың хабар-ошарсыз кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері зорлық-зомбылық белгілері жоқ мәйітті тапты», — деп хабарлады полиция өкілдері.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар қайғылы жағдайдың себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындады.

Полиция департаменті азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге, қауесеттерге бой алдырмауға шақырды.