БҚО-да тұтынушыларды алдаған елуден астам кәсіпкер анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олардан 13,7 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған

Фото: © istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 498 шағым түскен. Тұтынушыларға сапасыз тауар мен қызмет үшін 13,7 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен мәслихатта департамент басшысының орынбасары Руслан Ихсанов мәлімдегендей, қайтарылған қаржының тең жартысы — 6,7 млн теңгесі сот шешімімен өндірілген. Бұл соманың ішіне моральдық шығын да кіреді.

Жауапсыздығы үшін 54 кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылып, оларға салынған айыппұл көлемі 1,4 млн теңгеден асты.

Шағымдардың басым бөлігі (260 өтініш) бөлшек сауда саласына тиесілі. Әсіресе, интернет арқылы сауда жасау кезінде алданып қалатындар көп. 

Сатып алушылар жиі тап болатын мәселелері анықталды. Олар, тауардың сипаттамаға сай келмеуі, сатушы туралы мәліметтің жоқтығы, ақшаны қайтарудан немесе тауарды айырбастаудан бас тарту және тұтынушының шағымына жауап бермеу секілді мәселелер. 

«Тұтынушылар көбіне тауарға тапсырыс бергенде сатушының мекенжайы мен байланыс деректерін тексермейді. Салдарынан сапасыз өнім үшін ақшаны қайтару қиындап, интернеттегі алаяқтық қаупі артады», — деді Руслан Ихсанов.

Интернет-дүкендерден бөлек, қала тұрғындары мына салаларға көңілі толмайтынын жеткізген:

1. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына. Яғни, тарифтердің өсуі мен жылу шоттарына қатысты 38 шағым.

2. Жиһаз жасау, техника жөндеу және сұлулық салондарының сапасыз жұмысы.

3. Қоғамдық тамақтану, медицина және көлік қызметі.

Қазіргі таңда департамент мамандары 73 өтінішті салық және өзге де мемлекеттік органдарға тексеру үшін жолдады.