Ақтөбе облысында жол ережесін 36 рет бұзған Toyota Alphard жүргізушісі жолаушы тасымалдап жүрген
Оның мойнында 1,6 млн теңге айыппұл бар
Ақтөбе облысында жол ережесін 36 рет бұзған Toyota Alphard жүргізушісінің жолаушы тасып жүргені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Патрульдік полиция қызметкерлері «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Оның есебінде жалпы сомасы 1 миллион 600 мың теңгеден асатын айыппұл бар. Ол бүгінге дейін жол ережелерін 36 рет бұзған.
«Аталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі тасжолдарда белгіленген жылдамдық режимін жүйелі түрде асырумен байланысты. Мұндай әрекеттер жүргізушінің ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың барлығының өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді.
Ең алаңдатарлығы – жүргізуші құқықбұзушылықтарына қарамастан жолаушылар тасымалымен айналысқан. Осы арқылы ол жолаушылардың өмірі мен денсаулығын тікелей қауіпке тіккен.
Жылдамдықты асыру жүргізушінің жол жағдайына дер кезінде әрекет ету мүмкіндігін төмендетіп, жол-көлік оқиғаларының салдарын ауырлатады», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта көлік арнайы тұраққа қойылды. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.