Елде су тасқыны кезеңіне дайындық алдын ала басталған
Қазақстанда жүздеген ауылды су басуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров жедел ақпаратты айтты. Талқылауға Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазгидромет» РМК өкілдері де қатысты.
«Елде су тасқыны кезеңіне дайындық алдын ала басталған болатын. Қазіргі таңда жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың 92%-ы орындалды.
1 наурыздан бастап ТЖМ-нің жедел су тасқынына қарсы штабы жұмыс істеуде, жағдай тәулік бойы бақылауда, барлық қызметтердің әрекеті нақты уақыт режимінде үйлестіріледі.
Өңірлерде ауқымды жұмыстар жүргізілді: бөгендер нығайтылды, өзен арналары тазартылды және тереңдетілді, дренаж жүйелері мен каналдар жөнделді, су өткізу құрылыстары жаңартылды», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.
Бұл шаралар өз нәтижесін берді:
Оңтүстік өңірлерде су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Қазір су тасқынының шарықтау кезеңі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Абай облыстары бақылауда.
Наурыз айының басынан бері Абай облысында жеке тұрғын үйлерді су басудың 6 жағдайы тіркелді. Олар ауа температурасының күрт жылынуы мен жауын-шашынның салдарынан болған. Қазіргі таңда барлық салдары жойылды.
Автожолдарда барлығы 22 судың тасуы және 1 жолды су шаю фактісі тіркелді . Қазіргі уақытта 5 жағдай бақылауда. Жағдай жерден де, әуеден де бақылануда: 13 өңірде 29 әуеден барлау жүргізіліп, 196 елді мекен қамтылды. Мониторинг жалғасуда.
Сонымен қатар алдын алу шаралары іске асырылуда:
Жедел әрекет ету үшін ауқымды күштер тобы жасақталған: 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам бірлік техника, 4 мыңнан астам су сору құралдары және 700 жүзу құралы дайын. Барлық қызмет жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде. Қажет болған жағдайда күштер жедел түрде күшейтіліп, шешімдер жедел қабылданады.
БАҚ өкілдеріне ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығының Ахуалдық залы көрсетілді, онда су тасқынын болжаудың ақпараттық жүйелері көрсетілді.