Мұндай іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған, дейді полиция
Алматы облысында дрондар арқылы 500-ге жуық жол ережесі бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың алдын алу және жолын кесуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді қолдану арқылы жалғастыруда.
«Өткен демалыс күндері Алматы облысының негізгі автожолдарында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Ерекше назар дрондарды қолдануға аударылды. Бұл құрылғылар жол қозғалысын әуеден тиімді бақылауға және жүргізушілердің қауіпті маневрлерін дер кезінде тіркеуге мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 500-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді», – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев.
Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері ретінде қарсы бағыттағы жолаққа шығу және белгіленген жылдамдықты асыру фактілері тіркелуде.
Полицияда атап өткендей, мұндай іс-шаралар ең алдымен жүргізушілерді жазалау үшін емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасатын болады.