Қазақстанның үш өңірінде шағын су электр станциялары салынатын болды

Тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланып отыр

Қазақстанның үш өңірінде шағын су электр станциялары салынатын болды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі/Видеодан скрин

Қазақстанның үш өңіріндегі су қоймаларында шағын су электр станциялары салынатын болды. Су ресурстары және ирригация министрлігі осыған байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазсушар» мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын (СЭС) салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта үш жоба да мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Сондай-ақ тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады.

Бұл жұмыс былтыр қыркүйек айында қабылданған «Қазсушар» РМК-ның гидротехникалық құрылысжайларында шағын СЭС дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүргізілуде. Қазіргі таңда шағын СЭС орнатуға жарамды 29 нысан іріктеліп алынған.

«Жол картасын іске асыру нәтижесінде «Қазсушар» РМК-ның гидротехникалық нысандарында жыл сайын өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемі 30 МВт-қа жетеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі «Достық» гидроторабында орналасқан», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.