Дауыл, тұман және көктайғақ: 26 наурызда елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылады
Синоптиктер бірқатар өңірде жел күшейіп, тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болатынын ескертті
26 наурызда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт өзгеріп, бірқатар өңірде қолайсыз құбылыстар күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, ел аумағында тұман, көктайғақ, күшті жел, шаңды дауыл мен найзағай секілді құбылыстар байқалады.
Елордада түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Бұл жағдай көлік қозғалысын қиындатуы мүмкін.
Алматы облысында және Іле Алатауы аумағында шығыстан соғатын желдің екпіні 18-23 м/с-қа дейін жетіп, кей сәттерде 28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Ұқсас жағдай Жетісу өңірінде де байқалады: таулы аймақтарда тұман түсіп, Алакөл маңында жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін барады.
Батыс өңірлерде ауа райы тұрақсыз болады. Маңғыстау облысында жаңбыр мен найзағай күтіліп, кей жерлерде тұман түседі және шаңды дауыл тұруы мүмкін. Атырау облысында да тұман мен 15-20 м/с жел болжанып отыр.
Түркістан және Қызылорда облыстарында шаңды дауыл күшейіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Жамбыл облысында да осыған ұқсас жағдай сақталып, таулы аудандарда тұман мен қатты жел күтіледі.
Солтүстік және орталық аймақтарда көктайғақ қаупі жоғары. Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Ұлытау облыстарында тұман түсіп, түнгі және таңғы уақытта жолдар мұзға айналуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында да тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Кей жерлерде жел бағыты өзгеріп, екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға, әсіресе жолда абай болуға шақырады.