Азия кубогы: ұлттық құрама спортшылары финалға үш жолдама алды

Қазақстандық мергендер топтық сында жоғары дайындықтарын көрсетті

Азия кубогы: ұлттық құрама спортшылары финалға үш жолдама алды
Фото: ҰОК

Таиланд астанасы Бангкокта садақ атудан Азия кубогының бірінші кезеңі өтіп жатыр. Ұлттық құрама спортшылары іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға үш бірдей жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Қазақстандық мергендер топтық сында жоғары дайындықтарын көрсетіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Блоктық садақ атудан Виктория Лян, Роксана Юнусова және Диана Юнусова жартылай финалда Малайзия құрамасын 229:227 есебімен қапы қалдырды. Ал классикалық садақ ату кезеңінде Ильфат Абдуллин, Дастан Кәрімов және Дәулеткелді Жаңбырбай Қытай Тайбэйін 166:153 есебімен ұтып, финалға шықты. Дәл осы кезеңде әйелдер тобы, Диана Тұрсынбек, Самира Жұмағұлова және Александра Землянова Малайзия командасынан басым түсіп, алтын жүлдеге таласу мүмкіндігін алды.

Азия кубогының финалдық бәсекелері 2026 жылғы 27 наурызға жоспарланған. Ал ертең, 26 наурызда, аралас топтық разрядтағы жарыстар өтеді.

Айта кетейік, отандық садақ ату шеберлері соңғы уақытта тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Бұған дейін Сингапурда өткен кезеңде екі «алтын» иеленген болатын. Ал 2025 жылғы қыркүйекте Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдені иеленген еді.