Атырауда сауда орталығында 14 жастағы жасөспірім биіктіктен құлады

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Фото: polisia.kz

Атырау қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде 14 жастағы жасөспірім биіктіктен секіріп, ғимараттың кіреберіс бөлігіндегі төбесін зақымдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, жасөспірім биіктіктен құлаған кезде ғимараттың кіреберісіндегі аспалы төбені тесіп өткен. Куәгерлер оқиғаның бірнеше нұсқасын алға тартуда. Ол біреумен бәстесуі мүмкін немесе қашпақшы болған.

Атырау облыстық Полиция департаменті жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Белгілі болғандай, жасөспірім ата-анасының қарауынсыз жүріп, қауіпсіздік ережелерін елемеген.

«14 жастағы жасөспірім биіктіктен секіріп, жеңіл жарақат алды. Медициналық тексеруден кейін ол үйіне жіберілді. Баланың ата-анасы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар құзырлы органдарға аталған сауда орталығындағы қауіпсіздік шараларын қайта тексеру туралы нұсқау жолданды.