АҚШ-тың Қазақстан энергетикасына салған инвестициясы 60 млрд доллардан асты
Қазақстан мен АҚШ энергетика саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек
Хьюстонда өткен CERAWeek халықаралық конференциясы аясында Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов америкалық әріптесі Кристофер Райтпен маңызды келіссөздер жүргізді. Кездесуде жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен инвестиция көлемін арттыру мәселелері талқыланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі тарап мұнай-газ саласындағы 30 жылдан астам уақытқа созылған жемісті серіктестікті жоғары бағалады. Бүгінде АҚШ-тың Қазақстан энергетикасына салған инвестициясы 60 миллиард доллардан асты.
ExxonMobil және Chevron компаниялары елдегі мұнай өндірісінің шамамен 70% құрайтын Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған жобаларының негізгі қатысушылары болып қала бермек.
Келіссөздердің басты тақырыбы — қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа кедергісіз жеткізу.
1. Каспий құбыр консорциумы: бұл бағыт әлемдік мұнай ұсынысының 2% қамтамасыз ететін жол болып қала береді.
2. Транскаспий бағыты: Баку–Тбилиси–Жейхан жүйесін пайдалану арқылы тасымалдау көлемін жылына 2,1 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Министр Ерлан Ақкенженов Қазақстанның шикізат транзитін сенімді қамтамасыз ету үшін барлық қатысушымен прагматикалық диалогқа дайын екенін растады.
Кездесу соңында қос тарап технологиялық серіктестікті тереңдетуге және халықаралық инвесторлармен үйлесімді жұмыс істеуге уағдаласты.