Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Солтүстік пен орталықта су тасқыны қаупі жоғары

Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Фото: © istockphoto.com

Синоптиктер 2026 жылғы 25 наурызға арналған дауылды ескерту жариялады. Еліміздің барлық аймағында қолайсыз ауа райы сақталып, су тасқыны қаупінен бастап, шаңды дауыл мен көшкінге дейін болжанып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Солтүстік пен орталықта су тасқыны қаупі жоғары

25-27 наурыз аралығында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында күн күрт жылынып, қар қарқынды ериді деп болжануда. Яғни, өзендерде су деңгейі көтеріліп, мұз еріп, жолдарды су басуы мүмкін.

Астанада кей уақыттарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады.

Қарағанды мен Ұлытау облыстарының басым бөлігін қою тұман басады.

Алматы мен оңтүстікте көшкін қаупі бар

Алматы тауларында демалуды жоспарлаған жандарға сақ болу ұсынылады. Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейнінде қар көшкіні жүруі мүмкін.

Шымкент пен Түркістанда желдің екпіні 23 м/с дейін күшейіп, шаңды дауыл тұрады.

Жамбыл облысында, Тараз қаласы мен таулы аудандарда тұман түсіп, желдің жылдамдығы 28 м/с дейін жетеді.

Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл болады.

Батыс пен шығыста жаңбыр жауады

Еліміздің батыс өңірлерінде көктемнің алғашқы найзағайлы жаңбырлары басталады.

Маңғыстау мен Атырауда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ақтауда тұман, ал облыс орталығында қатты жел тұрады.

БҚО мен Ақтөбеде тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу: Тұман сақталады. Алакөл маңында желдің жылдамдығы 28 м/с дейін күшейеді.