Аусыл қаупіне қарсы шұғыл қадам: Шығыста жаппай вакцинация жүріп жатыр

330 мыңнан астам ірі қара мен жүздеген мың мал қамтылмақ

Аусыл қаупіне қарсы шұғыл қадам: Шығыста жаппай вакцинация жүріп жатыр
Фото: freepik.com

Шығыс Қазақстан облысында төрт түлікке қарсы ауқымды вакцинация науқаны басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, наурыз айында 330 мыңнан астам ірі қара, 500 мыңнан астам қой-ешкі және 9 мыңнан астам шошқа вакцинациялануы тиіс. Қазіргі уақытта екпе жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр.

Мекеме дерегіне сәйкес, бүгінге дейін ірі қараның 81,6%-ы, ұсақ малдың 75%-ы және шошқаның 76%-ы вакцинациядан өткен. Мамандар бұл көрсеткіштердің індеттің таралу қаупін азайтуда маңызды рөл атқаратынын айтады.

Сонымен қатар өңірде эпизоотияға қарсы кешенді шаралар қатар жүзеге асырылуда. Жыл бойы ветеринарлар аса қауіпті 7 инфекцияға қарсы жұмыс жүргізіп, шамамен 1,2 млн диагностикалық зерттеу өткізуді жоспарлап отыр.

Аусыл – мал шаруашылығына айтарлықтай қауіп төндіретін жұқпалы ауру. Оның таралуы тек жекелеген шаруашылықтарға ғана емес, жалпы саланың экспорттық әлеуетіне де кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты алдын алу шаралары күшейтіліп, вакцинация науқаны ерекше бақылауға алынған.