Экология саласын цифрландырудың алғашқы нәтижелері жарияланды

Tabigat платформасы арқылы 2025 жылы 2 мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

Экология саласын цифрландырудың алғашқы нәтижелері жарияланды
Фото: © freepik.com

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы цифрландырудың алғашқы нәтижелерін жариялады. Енді еліміздегі зауыттардың түтінінен бастап, ормандағы өртке дейін цифрлық бақылауға алынбақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елімізде «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» іске қосылды. Бұл жүйе мемлекет, кәсіп және халық арасында ақпараттық байланыс орнатады. 

89 ірі нысанның 87-сінде шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылған. Мәліметтер қашықтықтан беріліп отырады.

Алдағы уақытта платформаға жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары енгізіледі. Ол экологиялық тәуекелдерді болжауға және өңірлердегі жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде EcoQolday платформасы сәтті жұмыс істеп тұр. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша:

  • 50 мың тонна қалдық қайта өңделді;
  • Кәсіпорындарға 880 млн теңге субсидия төленді;
  • «Жасыл даму» АҚ жалпы сомасы 367,1 млрд теңге болатын 63 жобаны мақұлдады.

Технологиялардың көмегімен табиғи апаттардың алдын алу көрсеткіші жақсарды.

1. «Бурабай» ұлттық паркінде жылу камералары орнатылған соң, өрт аумағы 80 гектардан 1,5 гектарға дейін қысқарған.

2. Tabigat платформасы арқылы 2025 жылы 2 мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі мен 3,8 мыңнан астам заңсыз ағаш кесу дерегі анықталды.

3. «Іле-Алатау», «Шарын», «Көлсай көлдері» саябақтарында өткізу пункттері автоматтандырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында әзірленген Tasqyn жүйесі су тасқынын болжауға, ал WRF моделі ауа райын дәл анықтауға көмектеседі.