«Мөлдір бұлақ» акциясының аясында 28 бұлақтың көзі ашылды

Бұл шара су арналарын тазартуға бағытталған

«Мөлдір бұлақ» акциясының аясында 28 бұлақтың көзі ашылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы басталды. Бұл шара республика бойынша бұлақтардың көзін ашып, су арналарын тазартуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауа райының жақсаруына байланысты акцияның бірінші кезеңі еліміздің оңтүстік аймақтарын қамтыды. Қазірдің өзінде 28 бұлақ толықтай тазартылып, айналасы абаттандырылды.

Қамтылған аймақтар: Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстары.

Қатысушылар саны: Бір мезгілде 3800-ге жуық адам жұмылдырылды.

Акция барысында бұлақтардың табиғи шығу көздері қалпына келтірілді, қоқыс тазартылып, жақын маңдағы аумақтарға көшеттер отырғызылды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданындағы «Жалғызтал» бұлағын тазарту жұмыстарына қатысты. Бұл қайнар көз Айша бибі ауылынан 16 шақырым жерде орналасқан.

Министрлік өкілдері мен «Қазсушар» РМК қызметкерлерінен бөлек, облыстың жеті ауданында (Меркі, Сарысу, Шу, Талас, Рысқұлов, Байзақ және Қордай) бұлақ көздері ретке келтірілді.

«Бұлақтарды тазарту — тек экологиялық қана емес, сонымен қатар су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Акцияға еріктілер мен студенттердің қатысуы жастар арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырады», — деп атап өтті мекеме өкілдері.