Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы елшісін қабылдады

Президент кейбір мәселелерде екі ел ұстанымдарының ұқсастығына назар аударды

Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы елшісін қабылдады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдады деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен достық және бауырластық байланыстарды дамытуға, өзара мүддеге сай көптеген бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін атап өтті. 

«Президент халықаралық күн тәртібіндегі басты мәселелер жөнінде екі ел ұстанымдарының ұқсастығына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға, соның ішінде Иран тарапының Біріккен Араб Әмірліктері аумағын бомбалап жатқанына алаңдаушылық танытты», – делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы аталған елдің азаматтық инфрақұрылымына жасалған әскери шабуылды Қазақстан алғашқылардың бірі болып айыптағанын, бұл туралы БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлескен кезде мәлімдегенін еске салды.

Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың бейтарап мемлекеттерді шарпып жатқанына қарсы. Осы орайда жағдайды ушықтырмай, аталған әскери қақтығысқа қатысы жоқ БАӘ мен Шығанақ елдерінің егемендігін, аумақтық тұтастығын бұзбауға, сондай-ақ шиеленісті саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге шақырады. 

Президент еліміздің қажет болған жағдайда бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін растады. 

Елші Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанып, Әмірліктер мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне қатысушы барлық елдің егемендігіне, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.