Ақтауда қарияны соққыға жықты деген ақпарат жалған болып шықты
Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтады
Әлеуметтік желілерде Ақтау қаласында қарт кісіні белгісіз біреулер соққыға жығып кеткені туралы тараған ақпаратты полиция департаменті ресми түрде жоққа шығарды. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 22 наурыз күні сағат 23:30 шамасында Ақтау қаласының 7-шағынауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, жанжалға екі жігіт пен екі бойжеткен қатысқан көрінеді. Бастапқыда қарияның өзі агрессия танытып, жастарға тап бермек болған деген ақпарат тарады.
Нәтижесінде 68 жастағы тұрғын басынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты мән-жайды анықтады.
Тексеріс барысында 68 жастағы азаматтың масаң күйде болғаны және абайсызда өзі құлап калғаны анықталды. Ол көшеде өтіп бара жатқан әйелден жедел жәрдем шақыруды өтінген. Ер адам ешкімге кінә артпайтынын және өзін ешкім ұрмағанын, жарақатты абайсызда құлағаннан алғанын растады.
«Тексеру нәтижесі бойынша қарияға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», — деп хабарлады ПД өкілдері.