«Тазару күні»: Көкшетаулықтар ауқымды экологиялық акция өткізді

Автор: Дәулет Ботагөз

Еріктілер мен белсенді жастар таңсәріден тазалық жұмыстарына кірісті

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Көкшетаулықтар Наурызнама онкүндігінің соңғы күнін қорытындылады. Мыңдаған адам қонақ болған «Жаңа жағалау» аумағында «Таза ел — біздің қолымызда» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл Көкшетауда Наурыз мейрамының басты думаны жағалауда ұйымдастырылды. Мерекелік шаралардан соң, тазару күнінің символдық мәніне сай, еріктілер мен белсенді жастар таңсәріден тазалық жұмыстарына кірісті. 200-ге жуық ерікті және қала тұрғындары серуендеу аймағы, көгалдар және жағалауды қоқыстан тазартты.

Наурызнама тұжырымдамасы бойынша, соңғы күн — айналаны тазартуға, үй мен ауланы ретке келтіруге арналған. Көкшетау жастары бұл дәстүрді қоғамдық кеңістікті абаттандыру арқылы көрсетті.

«Тазару күні — жаңғыру мен қоршаған ортаға қамқорлықтың белгісі. Кеше ғана мұнда ауқымды мерекелік кеш өтті, ал бүгін жастар өз қаласына деген махаббатын іспен дәлелдеп жатыр», — деп атап өтті Көкшетау қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Аянбек Халийханұлы.

Акцияға қатысқан UNICEF волонтері Даниал Жағұпаровтың айтуынша, мұндай шаралар қала мәдениетін қалыптастырады: «Бұл біздің қаламыз, өзіміз өмір сүретін мекен. Сондықтан тазалықты сақтау — әрқайсымыздың міндетіміз».

Көкшетаулықтар мерекелік онкүндікті осындай пайдалы іспен аяқтап, нағыз жаңару тазалықтан басталатынын көрсетті.