Ақмола облысында гараж өртенді: ішінде көлік пен газ баллоны болған
Тілсіз жаудың жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрады
Ақмола облысының Софиевка ауылында жеке тұрғын үйге жапсарлас салынған гаражда өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары тілсіз жауды ауыздықтап, іштегі техника мен газ баллондарын аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт Софиевка ауылындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан үйлердің бірінде тұтанған. Тілсіз жаудың жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бірнеше бағытта жұмыс істеді. Құтқарушылар өртеніп жатқан нысанның ішінен бес газ баллоны мен бір көмірқышқыл газы бар баллонды сыртқа шығарды. Бұл әрекет үлкен жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берді.
Гараждың ішінде жеңіл көлік пен квадроцикл болған. Мамандардың жеделдігінің арқасында қос техника да оттан аман қалып, қауіпсіз жерге шығарылды.
«Өрт толығымен ауыздықталды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр.