Атырауда тұрғындар жағымсыз иіске шағымданып отыр
Министрлік ауаны ластаған мекемелердің жұмысын тоқтатуға нұсқау берді

Қолқаны қабатын сасық иіске байланысты атыраулықтардан шағым көбейген, деп хабарлайды 24.kz.
Экология департаментінің мамандары анықтағандай, бұл «Атырау Су арнасы» мекемесі шығарған қаланың тазаланбаған кәріздік ағындары мен «Атырау Мұнай Өңдеу» зауыты төккен қалдықтан пайда болған иіс көрінеді. Бұл мәселені шешуді Экология министрлігі қолға алған. Cот арқылы қабылданған шаралардан кейін «Су арнасы» қызметін шектеген. Ал «Атырау Мұнай Өңдеу» зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты жұмысын тоқтатты.
Жалпы, шаһардағы ауаның ластануы мәселесін қалалық әкімдік ретке келтіруі керек еді. Тіпті, сол үшін миллиардтаған қаржы да жұмсалып жатыр.
«Тұрғындар арасында «Сасық сай» аталып кеткен орынның 80 пайызын «Атырау Су арнасы» мекемесінің қалдықтары толтырса, ал қалған 20 пайыз жерге «Атырау Мұнай Өңдеу» зауыты қалдығын тастайды. Қазір білуімізше, қалалық әкімдік осы мәселені реттеу үшін біраз қаражат бөліп, жобаларды қолға алған. Біз тиісті мекемелерді жауып, жұмысын тоқтатуға нұсқау бердік», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы Зұлпұхар Жолдасов.