Наурызнама: Ұлттық ұланда 10 тоннаға жуық наурыз көже дайындалды
Барлық әскери бөлім айтулы мерекені сән-салтанатпен атап өтіп жатыр
«Наурызнама» онкүндігі аясында Қазақстанның барлық әскери бөлімінде айтулы мереке сән-салтанатпен атап өтілуде. Ұлттық ұлан жауынгерлері үшін береке мен бірліктің символы саналатын 10 тоннаға жуық наурыз көже әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Наурыз көже тек мерекелік дәм ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілердің мәзіріндегі ең құнарлы тағамдардың бірі. Оның құрамындағы ет ақуызға, жармалар көмірсуға, ал сүт өнімдері дәрумендер мен кальцийге бай. Бұл жауынгерлердің күш-қуатын қалпына келтіруге септігін тигізеді.
Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің азық-түлік қызметінің бастығы Дархан Жүнісовтің айтуынша, көктем мезгілінде ұсынылатын бұл дәстүрлі тағам ағзаға өте пайдалы.
Дәстүр бойынша жеті түрлі дәмнен дайындалған наурыз көже сарбаздар үшін нағыз мерекелік сый болды. 6636 әскери бөлімінің сарбазы Тимур Фатихов биылғы алғашқы наурыз көженің ерекше әсер қалдырғанын айтып, ризашылығын білдірді.
Құқықтық тәртіп әскерлерінде сірне, нарын және кеспе сияқты ұлттық тағамдар тек мерекеде емес, әр жұма сайын беріледі.
Қазіргі таңда 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетіп жүр.
Сондай-ақ, әскери қызметшілер маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндетін де абыроймен атқаруда.