«Күй күмбірі»: Қазақстанда 500 мың бала бір мезетте күй шертті

Ауқымды шара елдің барлық өңірінде ұйымдастырылды

«Күй күмбірі»: Қазақстанда 500 мың бала бір мезетте күй шертті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның білім беру мекемелерінде жарты миллионға жуық баланы біріктірген «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар акциясы өтті. Ауқымды шара елдің барлық өңіріндегі мектептерде, балабақшалар мен колледждерде бір уақытта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Акцияға қатысушылар «Тепеңкөк», «Әлқисса» және «Ерке сылқым» күйлерін бір мезетте орындады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы жобаның бірнеше ерекшелігі бар:

Шәкірттермен бірге балабақша тәрбиеленушілері мен студенттер де домбыра тартты.

Іс-шара барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.

Маңғыстау облысында күйлер тек домбырамен емес, жетіген сияқты басқа да дәстүрлі аспаптардың сүйемелдеуімен шырқалды.

Елордадағы акцияға Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері де белсенді қатысып, балалармен бірге күй орындады. Ал Павлодар қаласында бұл күн ерекше рекордпен есте қалды. Мұнда 20 мың мектеп оқушысы бір мезетте «Қара жорға» биін билеп, мерекенің сәнін келтірді.

«Бұл жоба жастардың эстетикалық талғамын арттырып, патриоттық сезімін оятуға және ұлттық мәдени мұрамызды дәріптеуге бағытталған», — деп атап өтті мекеме өкілдері.