Қазақстанның 13 қаласында ауа сапасы нашарлайды
Бұл қалаларда ауада зиянды заттар жиналуы мүмкін
21 наурызда Қазақстанның 13 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасады. Ауа райының бұл құбылысы елді мекендерде зиянды заттардың жиналуына ықпал етпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Қай қалаларда ауа сапасы нашарлайды?
Сенбі күні атмосфералық ауаның ластануы келесі қалаларда байқалуы мүмкін: Астана мен Алматы; Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Жезқазған; Өскемен және Риддер; Ақтөбе, Орал, Қостанай және Павлодар.
Қолайсыз метеожағдай деген не?
ҚМЖ – бұл жер бетіндегі ауа қабатында зиянды заттардың шоғырлануына жағдай жасайтын қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы. Бұл жағдай тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Сақтық шаралары
Ауа сапасы нашарлаған кезде келесі сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
1. Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеу керек. Балалар мен жүкті әйелдерге серуендеуден бас тартқан абзал.
2. Өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар жандар қажетті дәрілерін үнемі қасында ұстауы тиіс.
3. Ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеп, жаттығуларды жабық кешендерде өткізген жөн.