Әуеде туған сәби: Астана–Орал рейсінде толғағы келген әйелді жолаушы дәрігер босандырып алды
27 аптадағы жүктілік кезінде толғағы басталған әйелге ұшақ бортында шұғыл көмек көрсетілді
Астана–Орал бағыты бойынша ұшып бара жатқан ұшақ бортында жүкті әйел мерзімінен бұрын босанып, сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ұшу кезінде жүктіліктің 27 аптасындағы әйелдің толғағы басталып, жағдайы күрт асқынған. Су кетіп, шұғыл медициналық көмек қажет болған.
Осы сәтте бортта болған Батыс Қазақстан облысының көпбейінді ауруханасының дәрігері Таубай Байжекенов жедел әрекет етіп, босануды қабылдап алған. Нәтижесінде ұл бала дүниеге келген.
Министрлік мәліметінше, оқиға сәтті аяқталып, ана мен сәбидің жағдайы бақылауға алынған. Төтенше жағдайда дер кезінде көрсетілген кәсіби медициналық көмек олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.