Алатау қаласынан жерді жалға алған инвесторлар қандай жағдайда жерді қайтарып береді
Тағы екі жылда ештеңе істелмесе, жер кері қайтарылады
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласындағы жер инвесторларға тек инвестициялық мақсатта ғана берілетінін айтты. Екі жылда олар өз міндетін орындамаса, айыппұл салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптастырылады. Бұл стратегиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы және даму мен экономикалық өсудің ресурсы ретінде қарастырылады.Инвесторларға жер учаскелері бизнес‑лицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі. Жерді пайдалану шарттары нақты инвестициялық міндеттемелермен тікелей байланысты болады», - деді Бозымбаев.
Премьер-министрдің орынбасары депутаттардың сұрақтарына жауап бере отыра, жерге қатысты сұрақтар қоғам үшін әрқашан өзекті екенін айтты.
«Сондықтан Алатау қаласы аумағында инвесторларға, оның ішінде шетелдік инвесторларға да, жер учаскелері тек нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында ғана беріледі.Жер телімдері бизнес лицензия негізінде жалға немесе өзге де заңды тетіктер арқылы ұсынылады. Бұл ретте инвесторларға нақты міндеттемелер жүктеледі және оларды орындау үшін белгіленген мерзім қарастырылады.Егер екі жыл ішінде инвестор өз міндеттемелерін орындамаса, яғни, мысалы, зауыт, фабрика, университет немесе қонақүй салу сияқты жобаларды іске асырмаса, онда оған айыппұл салынады. Ал тағы екі жыл ішінде жобаның әрі қарай дамуы қамтамасыз етілмесе, жер учаскесі мемлекетке қайтарылады», - деді Бозымбаев.
Ол атағандай, жер тек инвестициялық жобалар үшін беріледі және бизнес мақсатта пайдаланылады.
«Ал Қазақстан азаматтарына қатысты жер қатынастары қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттелетін болады», - деді ол.