2050 жылға қарай Алатау қаласының өңірлік ішкі өнімі 50 млрд долларға жетпек - Бозымбаев
Үкімет осындай көрсеткіштерді күтіп отыр
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласының мәртебесі жайлы Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатауда қазірдің өзінде де жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын алғашқы 44 инвестициялық жоба қарастырылып отырғанын айтты.
«Бұл 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл қаланың ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытудың негізін қалайды.Олардың қатарына ірі әлемдік танымал компаниялар Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food, Envision Energy, Khan Tengri Biopharma және екі индустриялық-логистикалық хабтары, сондай-ақ ASP Аrena, К-Park сияқты туристік жобалар кіреді», - деді ол.
Қанат Бозымбаев атағандай, Iconic Complex көпфункционалды кластері, көшбасшы KAIST Кореялық жоғары технологиялық университеті және пилотсыз ұшу аппараттар енгізу бойынша стратегиялық жобалары іске асырылмақ.
«Сонымен қатар қаланы инфрақұрылыммен қамтуды кезең-кезеңімен іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі жоспары бекітілді.Алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетеді деп күтіліп отыр», - деді ол.