Тоқаев: Қазақстан Еуразиядағы ғылыми орталыққа айналуы тиіс

Автор: Мөлдір Қазыбай

Президент адам капиталы мен ғылымды дамытуды басты басымдық деп атады

Фото: Ақорда

Қазақстанда ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент елдің болашағы ғылыми қауымдастықтың жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Біз адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты», — деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанды аймақтағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыруға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.

«Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін», — деді Президент.

Сонымен қатар, өңірлерде ғылымды дамытуға нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты.

«Жалпы, мемлекет өңірлерде ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше назар аударып отыр. Соған сәйкес әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу құзыреті берілді. Аймақтардағы 11 жоғары оқу орнында академиялық артықшылық және зерттеу орталықтары құрылып жатыр», — деді Президент.

Президент ғылымды сырттан көшіру емес, өз ішінде дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Түптеп келгенде, біз білім-ғылымды өзгелерден құр көшіріп алмай, өзіміз жасауымыз керек. Әлемдік ғылымда өзекті зерттеулер жасай алатын ғалымдар буынын тәрбиелеуіміз қажет», — деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда адам капиталы мен ғылымға ерекше мән берілгенін еске салды.

«Біз Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекіттік. Енді бәріміз бұл мақсатты міндетті түрде іске асыруымыз керек. Басқа жол жоқ», — деді Президент.