Қазақстанда қай пойыздарда интернет бар екені белгілі болды
Бұл қызмет алғаш рет 2025 жылдың қаңтарында Астана – Алматы бағытында пилоттық жоба ретінде қосылған
Астана – Алматы және Астана – Өскемен бағытындағы Talgo пойыздарында енді 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернет қолжетімді. Жоба спутниктік технологиялар арқылы жүзеге асырылып, жолаушыларға үзіліссіз байланыс ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл қызмет алғаш рет 2025 жылдың қаңтарында Астана – Алматы бағытында пилоттық жоба ретінде іске қосылып, жолаушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Кейіннен сервистің ауқымы кеңейтіліп, Астана – Өскемен бағыты да қамтылды. Қазіргі уақытта спутниктік интернет аталған екі негізгі бағытта қатынайтын Talgo поездарында қолжетімді. Технологиялық тұрғыдан бұл жүйе «Jusan Mobile» операторының қатысуымен және «OneWeb» төмен орбиталы спутниктік жүйелерінің көмегімен жұмыс істейді.
Спутниктік байланыстың басты ерекшелігі – оның сигнал сапасы теміржол бойындағы жерүсті мұнараларына тәуелді емес. Төмен орбиталы спутниктер пойыз жоғары жылдамдықпен қозғалған кездің өзінде сигналдың кідіріссіз және тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жолаушылар жол бойы 100 Мбит/с дейінгі жылдамдықтағы интернетті пайдалана алады. Бұл жылдамдық мессенджерлерді қолдануға, видеолар көруге және басқа да цифрлық қызметтерді еш кедергісіз тұтынуға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру халықаралық технологиялық компаниялар мен отандық байланыс операторларының серіктестігі арқасында мүмкін болды. Пойыздарға орнатылған арнайы жабдықтар қозғалыс жағдайында жұмыс істеуге толық бейімделген және вагондардағы қолданыстағы мультимедиялық жүйелермен интеграцияланған.