«Біреу үсіп өлсе қайтеді?»: Ақтөбеде жолаушыларды далаға тастап кеткен автобус жүргізушісінің әрекеті дау тудырды

Тасымалдаушы компания өкілі елді мекеннен тыс жерде жолаушыларды түсіру қауіпсіздік талаптарына қайшы екенін айтты

«Біреу үсіп өлсе қайтеді?»: Ақтөбеде жолаушыларды далаға тастап кеткен автобус жүргізушісінің әрекеті дау тудырды
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе – Хромтау бағытындағы рейстік автобус жүргізушісі соңғы аялдамаға жетпей жатып, жолаушыларды балаларымен бірге далаға түсіріп, облыс орталығына кері қайтып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап.

Бұл жағдайға жолаушылардың бірі шағымданған. Оның айтуынша, 17 наурыз күні жүргізуші Хромтауға жетер-жетпес шамамен бес шақырым қалғанда автобус ішіндегі барлық жолаушыны, оның ішінде кішкентай балаларды да  айдалада түсіріп тастап, тұманға байланысты деген уәжбен Ақтөбеге кері жүріп кеткен.

«Бұл не деген сорақылық? Біреу үсіп өлсе қайтеді?» – деп наразылық білдірді Диара.

Тасымалдаушы компания өкілі жүргізуші бұл шешімді өз бетінше қабылдағанын айтып, оған қатысты тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.

«Қыс мезгілінде және ерте көктемде Ақтөбе – Хромтау бағыты бойынша қолайсыз ауа райына (тұман, боран, көрінудің нашарлауы) байланысты қозғалысқа уақытша шектеулер жиі енгізіледі. Кей жағдайда автобус елді мекенге кіргенімен, кері шығуға уәкілетті қызметтер тарапынан уақытша тыйым салынуы мүмкін», – деді «Qala trans» компаниясы директорының орынбасары Асқар Сабантаев.

Ол жолаушыларды елді мекеннен тыс жерде, әсіресе олардың арасында балалар болған жағдайда, түсіру мүлде жол берілмейтінін және бұл тасымалдау қауіпсіздігі талаптарын бұзу болып саналатынын атап өтті.

«Аталған жағдайда жүргізушінің шешімді басшылықпен келіспей, өздігінен қабылдағаны анықталды. Мұндай әрекет ішкі нұсқаулықтар мен жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу болып есептеледі. Жүргізушіге қатысты тәртіптік жаза қолданылады. Сонымен қатар барлық жүргізушілерге мұндай жағдайларға жол бермеу және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау туралы қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолаушылардың қауіпсіздігі – басты басымдық, мұндай оқиғалар қайталанбауы тиіс», – деді «Qala trans» компаниясы директорының орынбасары.