Әр өңірде мемлекеттік қызметшілердің кемінде 80%-ы жасанды интеллект бойынша оқудан өтуі тиіс
«AMANAT» партиясы жанындағы Цифрлық даму және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің (Әйелдер қанаты) «Цифрлық қоғам» жобасы аясында цифрландыру және жасанды интеллект бағыттары бойынша онлайн-білім беру платформасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, «Astana Hub» білім беру бағдарламалары офисінің директоры Алена Славкина, облыс әкімдерінің орынбасарлары, партияның өңірлік филиалдарының басшылары мен қызметкерлері, цифрлық даму басқармаларының басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Платформа мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде ауылдық округ әкімдерінің, өңірлік филиал қызметкерлерінің цифрлық құзыреттерін арттыруға және заманауи цифрлық шешімдерді қолдану бойынша білімдерін кеңейтуге бағытталған. Онда цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және мемлекеттік басқаруда цифрлық құралдарды тиімді пайдалану тақырыптары бойынша оқу материалдары ұсынылған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун платформаның негізгі мүмкіндіктерін атады.
«Қазіргі таңда министрлік мемлекет басшысының тапсырмалары аясында барлық әкімдіктердің деректер базаларына қолжетімділікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектпен жұмыс істеуге оқыту бағытында жұмыстар жүргізуде. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының қолдауымен қарапайым әрі қолжетімді онлайн-платформа әзірленді. Ол екі негізгі бағытта базалық білім береді. Цифрлық бағдарламаларға қолжетімділік және жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын үйретеді. Сонымен қатар жүйе жаңа цифрлық шешімдер мен жобаларды, жасанды интеллект және деректер саласындағы жаңартуларды қадағалап отыруға мүмкіндік береді», - деді ол.
Вице-министр атап өткендей, әр өңірде мемлекеттік қызметшілердің кемінде 80%-ы жасанды интеллект бойынша оқудан өтуі тиіс. Платформа пайдаланушылардың жүйеге кіру жиілігін, оқу материалдарын игеру деңгейін және дайын өнімдерді қолдану тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Техникалық қолдау сұрақтары пайдаланушылардың пікірлері мен ұсыныстарына сәйкес жедел түрде шешіледі.
Оқыту бағдарламасы төрт негізгі блоктан тұрады:
«Astana Hub» платформасында бейнесабақтар орналастырылған, қазіргі таңда қазақ және орыс тілдерінде 20-дан астам бейнекурс қолжетімді. Бұл курстар күнделікті жұмыс барысында жасанды интеллект құралдарын қолдануды үйретеді, мысалы, мәтін жазу, ақпарат іздеу, аударма жасау, сондай-ақ жабық әкімшілік желіде құжаттарды қауіпсіз өңдеу мүмкіндігін береді, қажет болса, бейнесабақтар арқылы жеке AI-агенттерді құру да үйретіледі.
Оқу процесін бақылау үшін әр бейнесабақтың кемінде 95%-ы көрілуі қажет. Оқу материалдарын меңгерген қатысушыларға екі сертификат беріледі: біріншісі бейнесабақтарды толық аяқтағаны үшін, екіншісі практикалық тапсырмаларды орындау нәтижелері бойынша беріледі. Платформада тест тапсырмалары да енгізіліп, қатысушылардың материалды қаншалықты меңгергенін тексеруге мүмкіндік бар.
Платформаға кіру үшін мемлекеттік қызметшілер корпоративтік поштаны пайдаланады. Бастапқы тіркеуден өткен соң пайдаланушылар төрт негізгі модульге қол жеткізеді. Курсты 31 мамырға дейін аяқтау міндетті. Сәтті аяқтаған пайдаланушыларға электронды сертификат беріледі.
Техникалық немесе өзге сұрақтар туындаған жағдайда арнайы Telegram-чат және көрсетілген электронды пошта арқылы хабарласуға болады.