Гастелло көшесінде орналасқан өндірістік цехты су басқаны жөнінде хабарлама түскен
Семей қаласын «су басып» қалғаны туралы жалған хабарлама тараған. Алайда облыстық Полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, 17 наурыз күні сағат 20:00 шамасында кол-орталыққа Гастелло көшесінде орналасқан өндірістік цехты су басқаны жөнінде хабарлама түскен.
Оқиға орнына тиісті қызметтер жедел түрде шыққанымен, ақпарат расталған жоқ, ешқандай су басу фактісі анықталған жоқ.
«Тексеру барысында хабарламаға негіз болған фотоматериалдардың жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалғаны және шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Оларды цехты жалға алушы әзіл ретінде дайындаған. 27 жастағы азамат жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ол өз кінәсін мойындады.
Абай облысы Полиция департаментінде ескертеді: жасанды интеллект көмегімен жасалған фейк материалдар да азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін. Мұндай әрекеттер «әзіл» ретінде қабылданғанымен, олар үшін заңнамада жауапкершілік көзделген», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.