Ақмола облысында жол бойындағы әжетхана жабық тұрғаны үшін филиал директоры қызметінен босатылды
Жауапкершілікке сондай-ақ «ҚазАвтоЖолдың» облыстық филиалы мен орталық аппаратының қызметкерлері тартылды
Ақмола облысында Астана – Щучинск тасжолындағы санитарлық тораптың жабық болуына қатысты жағдай облыстық филиал директорының қызметтен босатылуына әкелді. Мәселе пайдаланушылардың шағымынан кейін белгілі болып, артынша қызметтік тексеріс жүргізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖолдың» Telegram-арнасына сілтеме жасап.
«Өтінішке байланысты қызметтік тергеу жүргізілді. Тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды», – деп хабарлады ұлттық компания.
Тексеру барысында нысан жұмысында заңбұзушылық болғаны расталды: 8 наурыз күні Ақмола облысындағы Астана – Щучинск тасжолының 29-шақырымындағы санитарлық-гигиеналық торап уақытша қолжетімсіз болған.
Тексеру қорытындысы бойынша сервистік компанияның облыстық филиалының директоры қызметінен босатылды. Сондай-ақ филиал мен орталық аппараттың бірқатар қызметкерлері жауапкершілікке тартылды.
«Жол бойындағы сервистік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – басым міндет. Заңбұзушылықтар үшін лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі қарастырылған», – деп атап өтті компанияда.
Ұлттық «ҚазАвтоЖол» компаниясында республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы санитарлық инфрақұрылымды дамыту жалғасып жатқанын да хабарлады. Қазіргі таңда 176 модульдік жылы санитарлық-гигиеналық торап орналастырылған. Нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде, оның ішінде инженерлік желілерге қосу және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Барлық санитарлық тораптарда іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы ақпараттық тақтайшалар орнатылған», – деп нақтылады компания.
Жедел кері байланыс үшін нысандарда «1403» байланыс орталығына және диспетчерлік қызметтің WhatsApp-арнасына қол жеткізуге мүмкіндік беретін QR-кодтар орналастырылған.
Биыл елдің 10 өңірінде тағы 13 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарланған. Оның 8-і ұлттық компанияның күшімен жүзеге асырылса, тағы бесеуі жеке инвестициялар есебінен салынбақ.
«Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін кезең-кезеңімен кеңейтуге және пайдаланушылар үшін сервистің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп қосты компания өкілдері.
Компания жол бойындағы сервис жоспарлы түрде дамып жатқаны және тұрақты бақылауда екенін атап өтті.