Қызылқоғадағы қанды қылмыс: күдіктіге қатысты тағы бір ақпарат белгілі болды

Автор: Алмас Ерсін

Оған екі бап бойынша айып тағылған

Фото: polisia.kz

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қатыгездікпен өлтірілуіне күдіктіге тағылған айыптар тізімі кеңейтіліп, тағы бір бап қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты енді Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу жүргізілуде:

  • 99-баптың 2-бөлігі – «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру»;
  • 188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық».

«Атырау облысының полиция департаменті адам өлтіру фактілері, сондай-ақ олардың мүлкін ұрлау деректері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды және оған қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау шарасы таңдалды», – деп атап өтті ІІМ.

Ведомство сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Алайда күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға әлі берілген жоқ. 

Еске салайық, Атырауда бір отбасы мүшелерінің жоғалып кетуі қоғам назарын аударды. Жангелдин ауылындағы отбасының жұмбақ жоғалуына қатысты жаңа деректер пайда болып, бұл жағдай туыстарының арасында көптеген сұрақ туғызған.

Кейінірек отбасының жоғалу фактісі «Кісі өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды. Іздеу жұмыстарына Қазақстанның барлық өңіріндегі полиция департаменттері тартылып, медициналық мекемелер мен болуы мүмкін басқа да орындар тексерілген.

Жоғалған отбасының жақындары мәлімдеме жасап, үйдегі жағдайға қарағанда, адамдар ұзақ уақытқа кетуді жоспарламағандай көрінетінін айтқан.

6 қаңтар күні кешке Атырау облысы полиция департаменті отбасының әкесі мен анасының мәйіттері шаруашылық құрылыстан табылғанын хабарлады. Сондай-ақ қараша айында марқұмдардың кенже қызының көрші аудандағы жанармай құю бекетінде бейнебақылау камерасына түскені анықталған. Мәйіттер табылғаннан кейін тергеу қаза тапқандардың күйеу баласының қылмысқа қатысы болуы мүмкін екенін тексере бастаған.

Жангелдин ауылында кейінірек ауладағы шаруашылық құрылыстан табылған ерлі-зайыптыларды жерлеу рәсімі өтті.

Атырау облысында ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікке ілінген адамдар Индонезияда ұсталды.