«4,5 млн теңге пара алған»: Бақытгүл Хаменова түрмеге қамалмайтын болды

Автор: Асыл Арман

2022 жылы ол 7 жылға сотталған

Фото: Atpress.kz

Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау қаласының №2 соты 16 наурызда пробация қызметінің ұсынысын қарады. Осыған дейін үш жылға берілген жазаны өтеу мерзімінің кейінге қалдырылуы 10 наурызда аяқталған еді.

Сотта хабарланғандай, осы уақыт ішінде Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және бала тәрбиелеу міндетін орындаған. Осыған байланысты сот ұсынысты қанағаттандырып, өтелмеген жазаны 7 жылға бостандығын шектеп, сол мерзімге пробациялық бақылаумен алмастырды.

Айта кетейік, 2022 жылғы 15 қарашада дәл осы сот Хаменованы Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша – пара алу дерегі үшін кінәлі деп танып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазым атқаруға тыйым салынды.

Жазаны өтеу мерзімі оның кішкентай баласы болғандықтан үш жылға кейінге қалдырылған еді.

Іс материалдарына сәйкес, пара көлемі 4,5 млн теңге болған. Ол Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату жобасына қатысты алынған. Сот сондай-ақ мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарды.

Хаменова кінәсін мойындамағанымен, сот үкімі өзгеріссіз қалды.