«Qymyz shop» желісі есірткі сатып келген: 6 адам 15-17 жылға сотталды
Интернет- есірткі дүкенін ұйымдастырғаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысында интернет арқылы есірткі сатумен айналысқан ірі қылмыстық желінің қызметі әшкереленіп, толық жойылды. Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген ұйымдасқан топтың 6 мүшесі 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық схема жүйелі түрде құрылып, «Telegram» мессенджері арқылы жүзеге асырылған және «контактісіз сату» қағидаты бойынша жұмыс істеген. Тапсырыстар қашықтан қабылданып, төлемдер «дропперлер» деп аталатын тұлғалардың банктік карталары арқылы жүргізілген, бұл қылмыскерлерге ұзақ уақыт бойы өздерінің заңсыз әрекеттерін жасырып келуге мүмкіндік берген.
«Жедел-тергеу іс-шаралары мен ақша қаражатының қозғалысын талдау нәтижесінде қылмыстық топтың қатысушылары Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарының аумағында, сондай-ақ Астана қаласында анықталып, ұсталды. Барлығы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болған 6 адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 10 кг астам психотроптық заттар тәркіленді.
Осы дерек бойынша өткен жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысының арнайы прокурорлары «Qymyz shop» интернет-дүкені арқылы еліміздің аумағында психотроптық заттарды өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады. Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде интернет-есірткі дүкенінің қызметі толық әшкереленіп, жойылды. Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
2026 жылғы 16 наурызда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 қатысушысы кінәлі деп танылып, 15 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кету керек, осы жылдың басынан бері облыс прокуратурасы уәкілетті органдармен және жұртшылықпен бірлесіп, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және есірткінің таралуының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Мәселен, еріктілер мен колледж студенттерінің қатысуымен интернет-есірткі дүкендерді жарнамалайтын 20-дан астам граффити жазбалары анықталып, жойылды. Осы фактілер бойынша 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Сонымен қатар, тергеу барысында 5 қылмыстық іс аясында жалпы сомасы 65,5 млн теңгені құрайтын 2 мың банктік шот пен 34 мың шетелдік карта бұғатталды.
Сондай-ақ «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткі құралдарын жарнамалау және сатумен айналысқан 260 Telegram-арнасы мен интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді.