Жыл басынан бері Астана мен Алматы қалаларында инватаксимен 77,2 мың сапар ұйымдастырылды
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жүйесі сапалық тұрғыдан жаңа даму жолына түсті. Бұрын бұл бағыт тек жәрдемақы төлеумен шектелсе, қазір азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шаралар іске асып жатыр. Қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын кедергісіз ортаға бейімдеу және заманауи цифрлық технологияларды енгізу – осының барлығы қоғамның инклюзивтілігін арттыруға үлес қосатын негізгі факторларға айналып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек алушы деп емес, қоғамның тең құқылы мүшесі деп қарайды. Мүгедектік – бұл шектеу емес, тек өмір сүрудің өзгеше формасы. Сондықтан тиісті жағдай жасау арқылы әр азаматтың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беру басты мақсат болып отыр. Қазіргі уақытта 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Amanat» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы, сондай-ақ Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген «Халықпен бірге» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл құжаттар қолжетімді орта қалыптастыру мен әлеуметтік қызметтерді заманауи талаптарға сай жетілдіруді көздейді.
Ерекше қажеттіліктері бар жандардың күнделікті тұрмыста кездесетін ең үлкен кедергісі – қалаған жеріне емін-еркін жете алмауы. Бұл күрделі түйткілді шешуде инватакси қызметінің орны бөлек. Осы қызметтің арқасында азаматтар ауруханаға, оқу орнына, жұмысқа немесе басқа да әлеуметтік нысандарға еш қиындықсыз, жайлы жете алады.
Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде инватакси қызметіне 489,8 мың рет тапсырыс берілген. Ал 2026 жылдың басынан бері Астана мен Алматы қалаларында басталған жаңа жобалар аясында 77,2 мың сапар ұйымдастырылды. Оның ішінде тек ақпан айының өзінде 38,6 мың қызмет көрсетілгенін ескерсек, бұл көлік түріне деген сұраныстың қаншалықты жоғары екенін байқау қиын емес.
Инватакси қызметін көрсету тәртібі ең алдымен медициналық қажеттілікке сүйенеді яғни, қызмет алушылар дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде анықталады. Бұл тәсіл мемлекеттік қолдаудың шын мәнінде мұқтаж жандарға жетуін және ресурстардың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта медициналық көрсеткіштер тізімін қайта қарап, жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл болашақта инватакси қызметінің кеңейе түсетінін көрсетеді.
Инватакси қызметін ұйымдастыруда әлі де болса қолбайлау болып отырған мәселелер жоқ емес. Ең алдымен, арнайы жабдықталған көліктердің тапшылығы мен сапарға шығу үшін алдын ала жазылу талабы жолаушыларға біраз қиындық тудырып отыр. Азаматтар барар жерін кемінде бір күн бұрын жоспарлауға мәжбүр. Ал бұл, әсіресе, шұғыл шаруа шығып қалғанда адамның еркін қозғалуын шектейтіні анық.
Осы мәселені жедел шешу үшін ірі такси агрегаторларымен бірлескен жаңа жобалар қолға алынды. Мысалы, «Yandex Go» мобильді қосымшасы арқылы инватаксиді онлайн шақыртуға мүмкіндік туды. Енді жолаушылар көліктің қай жерде келе жатқанын және сапардың мәртебесін дәл сол сәтте бақылап отыра алады.
Бұған қоса, жүргізушілерге ерекше қажеттілігі бар жандарға көмектесу мен олармен дұрыс қарым-қатынас жасау бойынша арнайы тәлім-тәрбие берілуде.
Ерекше қажеттілігі бар жандарға тек қатынас құралын тауып беру жеткіліксіз, ең бастысы, азамат барған нысанына еш кедергісіз кіріп-шыға алуы тиіс. Сондықтан қала мен ауылдағы ғимараттар ерекше жандардың мұқтажына лайықтап бейімделіп салынуы керек. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 27 307 әлеуметтік нысан толықтай бейімдеуден өтті. Бұл жоспарланған межеден асып түсіп, жалпы ғимараттардың 64%-ын қамтып отыр. Бейімделген нысандардың салалар бойынша бөлінісі мынадай:
Бұл көрсеткіштер қолжетімділік қағидасының қоғам өміріне етене еніп жатқанын аңғартады. Сонымен қатар, нысандардың санымен қоса, сапасына да баса назар аударылуда. Егер бұрын тек пандус орнатумен шектелсек, қазіргі талап әлдеқайда жоғары: ғимарат ішіндегі ыңғайлы қозғалыс, түсінікті бағыт-бағдар, арнайы санитарлық бөлмелер мен кешенді қолайлылық басты орынға шықты. Осының бәрі – мүмкіндігі шектеулі жандардың өзгеге тәуелді болмай, өз бетінше жүріп-тұруына жасалған үлкен жаңашылдық болып отыр.
Еліміздің әр аймағында бейімделген нысандар саны әртүрлі болғанымен, барлық облыстарда бұл бағыттағы жұмыс бір сәтке де тоқтаған емес. Статистикаға көз жүгіртсек, әр өңірдің өзіндік көрсеткіші бар:
Еліміздің қай түкпірінде болсын, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта құру ісіне баса мән беріліп жатыр.
Қолайлы орта қалыптастыру үшін нысандарды бейімдеп қана қою жеткіліксіз, оның сапасын ұдайы қадағалап отыру қажет. 2025 жылы 1 176 әлеуметтік нысанға жоспарлы тексеру жүргізіліп, талапты сақтамағандарға қатысты шаралар қабылданды.
Айта кетерлігі, бақылау кезінде заң бұзушылық алғаш рет анықталса, нысан иесіне бірден айыппұл салынбайды. Алдымен кемшілікті реттеу туралы ескерту жасалып, нақты мерзім беріледі. Тек белгіленген уақыт ішінде жағдай түзелмесе ғана, заң алдында жауап беруге тура келеді.
Инватакси қызметін заман көшіне ілестіру мен қала инфрақұрылымын кешенді түрде жаңарту бірін-бірі толықтыратын маңызды қадамдар. Егер инватакси азаматтардың еркін қозғалысына кепіл болса, бейімделген нысандар сол қозғалыстың мәнін ашып, өмір сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Бүгінде Қазақстанның инклюзивті саясаты нақты жемісін бере бастады. Инватакси қызметі жүйелі жолға қойылып, қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік нысандардың саны ғана емес, сапасы да талапқа сай жақсаруда, сондай-ақ цифрлық технологиялар қызмет көрсету саласына батыл енгізіліп жатыр.
Мұның бәрі сайып келгенде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан шеттетілмей, ортаға толық араласуына мүмкіндік береді. Қолжетімді орта қалыптастыру белгілі бір топтың қамы емес, бұл бүкіл халық үшін маңызды, қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудың берік іргетасы.