$ 486.2  557.82  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістанда жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 100-ден астам адам жауапқа тартылды

Қалада жаяу жүргіншілерге бақылау күшейтіліп, жол қауіпсіздігіне арналған рейд өтті

Түркістанда жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 100-ден астам адам жауапқа тартылды
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Түркістан қаласында жол қозғалысы ережесін бұзған 100-ден астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, қалада жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Шара барысында полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер жиі жүретін көшелер мен жол өткелдерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын ескертті.

Профилактикалық бақылау нәтижесінде белгіленбеген орындардан жолды кесіп өткен 100-ден астам азамат анықталып, оларға әкімшілік шара қолданылды.

Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімдігінің ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің мәліметінше, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау жүйесі де жаңартылып жатыр. Өткен жылы қала аумағында 410 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 200-і жаңғыртудан өткен.

Жаңартылған жүйенің ішінде 40 камера заманауи аналитикалық мүмкіндіктермен жабдықталған. Мұндай құрылғылар бет-әлпетті тану, мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін анықтау және күдікті әрекеттерді автоматты түрде тіркеу функцияларын атқарады.

Камералар қаланың орталық көшелерінде, әлеуметтік нысандар маңында, адам көп жиналатын аумақтар мен жол қиылыстарында орналастырылған. Бейнежазбалар жедел басқару орталығына онлайн режимде жеткізіліп, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жедел әрекет етуге және тергеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.