AMANAT: Жаңа Конституцияның әрбір бабы маңызды нормаға айналуға тиіс

Автор: Мөлдір Қазыбай

Мәжілістегі фракция отырысында депутаттар жаңа Ата заңның әр бабы нақты нормаларға айналуы керегін айтты

Фото: Әли Ғалым, Талгат Таныбаев

Жаңа Конституцияның қабылдануы мен республикалық референдумның нәтижелері Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының арнайы отырысында талқыланды. Жиында депутаттар дауыс беру қорытындысы азаматтардың тарихи таңдауын көрсетіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытына қоғам тарапынан кең қолдау білдірілгенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға бейнеконференцбайланыс арқылы өңірлік мәслихаттардағы партия фракциялары да қосылды.

Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Орталық референдум комиссиясының дерегіне сүйене отырып, референдумға қатысқан азаматтардың 87,15%-ы жаңа Конституцияны қолдағанын айтты. Оның пікірінше, бұл көрсеткіш қоғамдағы саяси мәдениеттің артқанын және азаматтардың ел болашағына жауапкершілікпен қарай бастағанын айқын аңғартады.

«15 наурыз ел шежіресінде елеулі орын алған тарихи оқиға болды. Бұл – жұртымызды жұмылдырған, ұлтымызды ұйыстырған айтулы күн. Қуатты, Әділетті, Прогрессивті Қазақстанды таңдаған күн. Ол – мемлекет дамуындағы жаңа кезеңнің басталуы. Референдум халқымыздың Президент реформаларына зор сенім артып отырғанын айқын көрсетті. Жаңа Ата заңда миллиондаған отандасымыздың талап-тілегі, үміті мен сенімі көрініс тапты. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы – бүкіл халқымыздың жеңісі. Ол елімізді тек биік белестерге, ұлы мұраттарға жетелей береді деп сенемін», – деді ол.

Ерлан Қошановтың мәліметінше, жаңа Конституция елдегі ауқымды өзгерістердің бастауына айналмақ. Ендігі негізгі міндет – оның әрбір бабын нақты құқықтық нормаларға айналдырып, қоғам игілігіне қызмет ететін жүйе қалыптастыру.

Сондай-ақ ол «AMANAT» партиясы референдумға дейін Жалпыұлттық коалиция құрамында ел өңірлерін аралап, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті. Оның айтуынша, партия өкілдері азаматтардың үміті мен сұранысын жақсы біледі және енді сол талаптардың толық жүзеге асуына күш салуы тиіс.

Жиын барысында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «AMANAT» партиясының арнайы үндеуі қабылданды. Құжат мәтінін партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек оқып берді. Онда 15 наурыз күні қазақстандықтар тарихи әрі саналы таңдау жасап, Президент реформаларына бұрын-соңды болмаған қолдау білдіргені айтылған.

Үндеуде партия Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа Ата заң нормаларын жүзеге асыруға барлық ресурсын жұмылдыратыны атап өтілді. Бұл жұмысқа Парламент пен мәслихаттардағы фракциялар, өңірлік филиалдар, жастар және еріктілер ұйымдары тартылмақ.

Отырыста фракция депутаттары да өз пікірлерін білдірді. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында елдің тұрақтылығын сақтайтын жаңа конституциялық негіз қажет екенін айтты.

Ал депутат Сергей Пономаревтің пікірінше, жаңа Конституция қоғамдық келісімді нығайтып, этносаралық бірлікті сақтауға ықпал етеді.

Нартай Сәрсенғалиев жастардың референдум науқаны кезінде ерекше белсенділік танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, ел аумағында мыңдаған кездесу өткізіліп, жастар жаңа өзгерістерді түсіндіру жұмыстарына белсене қатысқан. Сонымен бірге Конституцияда волонтерлік қызметтің бекітілуі жастардың азаматтық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Депутат Юлия Кучинская референдумды қоғамдық пікірдің ауқымды көрінісі деп бағалап, қазақстандықтардың саяси жауапкершілігі жоғары екенін айтты. Ал Еркін Әбіл пропорционалды сайлау жүйесін енгізу партиялар арасындағы мазмұнды саяси бәсекелестікті күшейтетінін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жағдайда сайлаушылар кандидаттың жеке тұлғасынан бұрын оның бағдарламасы мен идеясына басымдық береді.