$ 486.2  557.82  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ҰБТ-2026 екі аптада 117 талапкер шпаргалка мен смартфон алып кірмек болды

Смартфон мен шпаргалка алып кірмек болған ондаған талапкер тестілеуден шеттетілді

ҰБТ-2026 екі аптада 117 талапкер шпаргалка мен смартфон алып кірмек болды
Фото: testcenter.kz

Наурыз айында басталған Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы екі аптасында 67 мыңнан астам талапкер сынақ тапсырды. Алайда қатаң бақылау нәтижесінде 100-ден астам қатысушы ережені бұзғаны үшін тестілеуден шеттетіліп, олардың нәтижелері жойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2 наурызда басталған 2026 жылғы ҰБТ-ның алғашқы кезеңінде 67 мыңнан астам талапкер тест тапсырған. Қатысушылардың 66,99%-ы тесті қазақ тілінде, 32,88%-ы орыс тілінде тапсырса, 85 талапкер ағылшын тілін таңдаған.

Екі аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 61%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 59 балды құрады. Ал ең жоғары нәтиже – 136 балл.

Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін жасалған жағдайлардың арқасында тестілеуге 192 адам қатысқан.

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция беруге құқылы екенін еске салды. Ал техникалық ақаулар туындаған жағдайда апелляция тестілеу кезінде бірден қабылданады. Апелляция қаралғаннан кейін нәтижелері бар сертификаттар талапкерлердің жеке кабинеттерінде жарияланады.

Ведомство дерегіне сәйкес, тестілеудің алғашқы екі аптасында 117 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 69 талапкер смартфон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеген. Тағы 48 адам тестілеу барысында ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған.

Бөгде адамның орнына тест тапсыру деректері тіркелмеген.

Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ аяқталғаннан кейін бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізілетінін хабарлады. Бұл жұмыс 31 қазанға дейін жалғасады. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережені бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің тест нәтижелері кейін де жойылуы мүмкін.