«AMANAT» партиясының жастары референдум науқаны барысында орналастырылған үгіт материалдарын жинауды бастады
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында белсенділер қоғамдық орындарды ретке келтіріп жатыр
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ел аумағында референдум науқаны кезінде орналастырылған үгіт материалдарын жинау бойынша ауқымды акция бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Акция барысында белсенділер мен еріктілер қалалар мен елді мекендердегі қоғамдық орындарға жапсырылған плакаттар, парақшалар мен лифлеттерді жинап, аумақтарды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ақпараттық-түсіндіру науқаны бір айға жуық уақытқа созылған. Осы кезеңде жастардың белсенді қатысуымен республика бойынша 4 млн-нан астам үгіт плакаты, парақша және лифлет орналастырылған. Референдум аяқталғаннан кейін оларды жинау және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мақсатында арнайы акция ұйымдастырылды.
Бұл бастама Мемлекет басшысы жариялаған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
«Жастар Рухы» белсенділерінің айтуынша, мұндай акциялар тек науқанның соңғы кезеңін аяқтау ғана емес, сонымен бірге қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жастар үгіт материалдарын жинау арқылы қалалар мен ауылдардың тазалығын сақтауға өз үлестерін қосып жатқанын атап өтеді.
Ұйымдастырушылардың дерегінше, мұндай тазалық акциялары еліміздің барлық өңірінде жалғасады.
Айта кетейік, референдумға дайындық барысында республика бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 5 мыңға жуық кездесу ұйымдастырылып, оған 1,5 млн-нан астам жас қатысты. Сонымен қатар офлайн және онлайн форматта түрлі ақпараттық-үгіттік іс-шаралар, өңірлік перформанстар мен open-air форматындағы ірі акциялар өткізілді.