Алматыда референдум күні 44 сәби дүниеге келді
Қала перзентханаларында дүниеге келген нәрестелердің аналары мен балалары дәрігерлер бақылауында
Алматыда республикалық референдум өткен күні қала перзентханаларында 44 сәби дүниеге келді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі мәліметіне жүгініп, Azattyq Rýhy хабарлайды.
Қалалық медициналық ұйымдардың дерегіне сәйкес, 15 наурыз күні сағат 00:00-ден 14:00-ге дейінгі аралықта перзентханаларда 44 нәресте өмір есігін ашқан. Олардың 21-і ұл, 23-і қыз. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған сәбилер мен олардың аналарының жағдайы қанағаттанарлық, барлығы мамандардың тұрақты бақылауында.
Сол күні қаладағы акушерлік көмек көрсететін медициналық ұйымдарда ем алып жатқан әйелдердің республикалық референдумға қатысуына да мүмкіндік жасалды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 3 перинаталдық орталық пен 3 перзентханада стационарда жатқан босанушылар мен босанған 558 әйел дауыс беруге қатысты.
Медициналық мекемелерде дауыс беру үдерісі пациенттердің ем қабылдау тәртібін және босанғаннан кейінгі қалпына келу режимін бұзбай ұйымдастырылған.