Ақтауда ата-анасынан адасқан 4 жасар бала жолдың ортасында жүрген

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол көліктер арасында еш қорықпастан жүгіріп жүрген

Фото: polisia.kz

Ақтау қаласында кішкентай баланың жолдың қақ ортасында жүгіріп жүрген сәті тұрғындарды шошытты. Белгілі болғандай, 4 жасар бүлдіршін ата-анасынан адасып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиға 14 наурыз күні сағат 17:30 шамасында Ақтаудың 34А және 35-шағынаудандарының арасындағы тас жолда болған. Адасып қалған бала көліктер ағынының арасында еш қорықпастан жүгіріп жүрген.

Сол маңнан өтіп бара жатқан жүргізушілердің бірі көлігін тоқтатып, баланы дереу жол жиегіне алып шыққан.

Оқиға орнына жақын маңда қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген патрульдік полиция қызметкерлері баланы қызметтік көлікке отырғызып, шұғыл түрде Жедел басқару орталығына хабар берген.

Көп ұзамай бүлдіршіннің ата-анасы «102» арнасына хабарласып, балаларын жоғалтып алғандарын айтқан. Тәртіп сақшылары баланы заңды өкілдеріне аман-есен табыстады.