Көрісу күніндегі қоныс той: Өскеменде 20 отбасы баспаналы болды
Олардың арасында мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандар бар
Шығыс Қазақстан облысында «Наурызнама» онкүндігі аясында тойланатын Көрісу күні айтулы оқиғамен басталды. Облыс орталығында үй кезегінде тұрған 20 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табыс етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баспаналы болғандардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандар бар. Сондай-ақ, өңір үшін тапшы маман иелері 5 дәрігер де қоныс тойын тойлауда.

Жаңа пәтерлердің кілтін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басты мақсаты — азаматтардың әл-ауқатын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Бүгін біз соның тағы бір айқын дәлеліне куә болып отырмыз. Шаңырақтарыңызда тек шаттық пен баланың күлкісі естілсін», — деді әкім.
Облыс әкімі Өскемен қаласының даму жоспарына да тоқталып өтті. Кешенді даму жоспарына сәйкес, 2030 жылға қарай облыс орталығының халқы 500 000 адамға жетуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысының көлемі де арта бермек.

2026 жылға арналған көрсеткіштер:
Жалпы 410 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған;
Бұл 3 мыңнан астам жаңа пәтер деген сөз;
Биыл 47 көппәтерлі тұрғын үй салынады;
Сондай-ақ, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы мен жеке тұрғын үй құрылысы жалғасады.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 407,4 мың шаршы метр баспана салынып, жылдық жоспар 107% орындалған еді