Ол қылмыстық істің материалдарымен танысады
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров өзінің үстінен қозғалып, кейін қайта жабылған қылмыстық іспен танысу үшін Нұр-Сұлтанға келуі мүмкін деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Мәнізоровтың қорғаушысы Алмас Демесінов айтты.
«Біз істің материалдарын әлі қолымызға алған жоқпыз. Тек қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы қаулыны ғана берді. Материалдармен танысу үшін Мәнізоровпен бірге Нұр-Сұлтанға барамыз. Бірақ, нақты қай күні екенін айта алмаймын», - деді адвокат.
Күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері Бас прокуратураның қылмыстық істі тоқтату туралы шешімімен келіспейтіндерін жеткізген болатын. Алмас Демесінов бұл жайтқа қатысты пікір білдірмейтінін айтты.
«Түсінемін, қазір бұл іске қатысты сұрақ көп. Бірақ, қазір Мәнзоров жұмысқа шықты, енді оны әрі қарай қазбалай берген дұрыс емес деп ойлаймын. Біздің міндетіміз – қозғалған қылмыстық істі тоқтату болатын. Біз сол міндетімізді орындадық», - деді ол.