Референдум өтіп жатыр: Қазақстанда барлық 10 388 учаске дауыс беруге кірісті

Автор: Алмас Ерсін
Фото: Әсет Құндақбаев

Қазақстанда Орталық референдум комиссиясы жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сағат 7.00-дегі жағдай бойынша дауыс беру учаскелерінің ашылуына қатысты мәліметтер жарияланды. Облыстардан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан түскен деректерге сүйенсек, 2026 жылғы 15 наурыз күні таңғы сағат 7.00-де еліміздегі барлық 10 388 учаскеде дауыс беру процесі басталған. Ал аумақтық комиссиялардың шешімімен 92 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6.00-де қолға алынған.

Бұл туралы ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді.

Оның айтуынша, референдумға қатысушылар тізіміне 12 461 796 азамат енгізілген. Сондай-ақ учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері негізінде дауыс беру құқығын растайтын 17 514 есептен шығару куәлігін берген.

Жалпы республика бойынша 10 388 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде Қазақстанның шетелдердегі өкілдіктері жанынан 54 мемлекетте 71 учаске ашылған.