Ел болашағын айқындайтын шешім – Ерлан Қарин референдумда дауыс берді
Мемлекеттік кеңесші №129 учаскеге барды
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол дауысын елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №129 дауыс беру учаскесінде берді.
«Бүгінгі референдум конституциялық реформаға қатысты жарты жылдан астам уақытқа созылған қоғамдық талқылаулардың қорытындысын шығарады. 189 күн бойы бұл үдеріске мыңдаған азамат, сарапшы және қоғам өкілдері қатысты. Осы уақыт аралығында қоғамдағы белсенділікті, азаматтардың кеңінен тартылғанын анық байқадық. Шын мәнінде, бұл референдум Қазақстанның болашағын айқындайтын маңызды кезең. Бүгін азаматтар қандай қоғам құратынымызды, еліміз қандай құндылықтар мен қағидаттарға сүйеніп дамитынын шешіп жатыр», - деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ ол соңғы төрт жылда бұл елімізде өткізіліп жатқан үшінші референдум екенін еске салды.
«Президент ұсынған барлық маңызды әрі түйінді шешімдер референдум арқылы, яғни азаматтардың пікірін ескере отырып қабылдануы тиіс деген қағида бүгінде саяси өміріміздің қалыптасқан тәжірибесіне айналды. Соңғы жылдары Қазақстан мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың, ортақ шешім қабылдаудың үлгісін көрсетіп келеді. Елдегі саяси өмір қарқынды дамып, ілгерілеуге ұмтылыс айқын байқалады», - деді Ерлан Қарин.