Ақтөбеде зейнеткер алаяқтардың кесірінен баспанасынан айырылып, қарттар үйінде тұруға мәжбүр болды
Оның күйеуі мен баласы бұрын қайтыс болып кеткен
Ақтөбе қаласының 68 жастағы тұрғыны алаяқтардың кесірінен баспанасынан айырылып, қазір қарттар үйінде тұрып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy басылымы «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға жайлы қарт кісінің туысы айтып берген. Оның сөзінше, зейнеткер жалғыз тұрған: күйеуі мен ұлы бұрын қайтыс болып кеткен. Төрт жыл бұрын алаяқтар оның атына 2 миллион теңге несие рәсімдеп алған. Банк бұл қарызды зейнетақысынан ұстап отырған.
«Ол полицияға да, прокуратураға да жүгінді, бірақ ешқандай шара қолданылмады. Несиені жабу үшін әйел үйін сатуға мәжбүр болды», – дейді туысы.
Қалған ақшаға зейнеткер ескі бір бөлмелі пәтер сатып алған. Алайда онда небәрі бір жыл ғана тұрған. Өткен жылдың тамыз айында ол қайтадан алаяқтардың құрбанына айналған.
Алаяқтар әйелді қорқытып, телефоны тыңдалып жатыр деп сендірген және құқық қорғау органдарына жүгінуге тыйым салған. Олардың қысымымен зейнеткер риелторлар арқылы тұрып жатқан пәтерін сатып, түскен ақшаны қаскөйлерге беріп жіберген.
«Соның салдарынан әйел далада қалды. Әлеуметтік қызметкерге рақмет, ол зейнеткерді қарттар үйіне орналастыруға көмектесті», – дейді туысы.
Туысының айтуынша, алаяқтар зейнеткерді телефонындағы барлық байланыс нөмірін өшіруге мәжбүрлеп, жақындарымен сөйлесуге де тыйым салған.
Адвокаттың мәліметінше, алғашқы алаяқтық ісі бойынша жақында тоғыз адам сотталған. Сот шешімімен зардап шеккен әйелдің пайдасына 2 миллион теңге өндіріп алу туралы үкім шығарылған: сотталғандардың бірінен – 1 миллион теңге, тағы екеуінен – 500 мың теңгеден. Алайда бұл қаражат әлі күнге дейін қайтарылмаған.
«Ол бұл мәселе бойынша прокуратураға да, полицияға да жүгінді, бірақ нақты нәтиже жоқ. Бұл туралы айтып отырған себебім – қарт адамдар алаяқтардың арбауына тез түсіп қалуы мүмкін екенін білсін. Қазір олар барлық жерде жүр, сондықтан өте сақ болу керек», – дейді әйелдің туысы.
Аталған жағдайға қатысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті пікір білдірді.
«Қылмыс әзірге ашылған жоқ, тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.