$ 491.68  568.23  6.2
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Турбулентті әлем мен стратегиялық ұстамдылық: президент Қазақстанның стратегиялық сыртқы саясат бағытын түсіндірді

Соңғы он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен бірі асып түседі

Турбулентті әлем мен стратегиялық ұстамдылық: президент Қазақстанның стратегиялық сыртқы саясат бағытын түсіндірді
Фото: Ақорда

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 3-форумында мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев қазір бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір сүруге мәжбүр екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жер шарындағы барша адамзат «турбуленттілік» деген сөзді жақсы біледі. Әуе кемесі «турбулентті» аймаққа енген сәтте жолаушыларды сабырға шақыратын ұшқыштарға қарағанда, саясаткерлер мен сарапшылар халықаралық ахуалды сипаттауда осы сөзді жиі қолданып жүр. Шынында, бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір сүруге мәжбүр.Соңғы он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен бірі асып түседі. Бұл үдеріс әлеуметтік желідегі талқылаулардың өзегіне айналды. Онда ақиқат пен аңыз, конспирология мен жалған мәлімет, қайғы-қасірет пен қуаныш қатар көрініс табуда. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан әлемнің бүгінгі кейпі осындай», – деді ол.

Оның айтуынша, өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелеңнің шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсетті.

«Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды.Тіпті, экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, егер әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, соғыстың ортасында қалды. Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес елдің аумағынан шықты. Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгені анық.Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысының күшеюі, ірі елдер мен блоктардың жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптерінің тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқықтың сақталмауы, БҰҰ беделінің бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі жағдайға себеп болды», –деді Тоқаев.

Президент атағандай, осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын.

«Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек.Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды.Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын.Әлем технологиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан түбегейлі өзгергенін мойындауымыз керек. Ал ол жақсы жаққа өзгерді ме, әлде кері кетті ме? Оған өркениет болашақта жауап береді. Бірақ Қазақстан азаматтарының әлемдік даму көшінен шет қалуға қақысы жоқ», –деді Тоқаев.
 

Оның айтуынша, егер әлем өзгерген болса немесе жаңаруды бастан өткеріп жатса біз де соған сай бейімделіп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет.

«Сондықтан Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады.Ең бастысы, еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет», – деді ол.